«ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР – ҰРПАҚТЫ ШЫҢДАЙДЫ»

Бүгін орталықта «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі қарсаңында жастарға ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында «Ұлттық ойын – ұрпақты шыңдайды» атты іс-шара өтті. Шараға қаламыздағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері, Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта мектеп, №59 жалпы орта білім беретін мектеп, №69 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары қатысты.

Балалар «АРҚАН ТАРТЫС», «БЕСТАС», «ТЕППЕ» (ЛӘҢГІ), «АСЫҚ ОЙЫНДАРЫ», «АСАУ МӘСТЕК», «МЕШКЕЙ» сынды ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті. Бұл ойын түрлерін бүгінгі балалардың көбі біле бермейді. Сайысқа түскен жастардың қызығушылығы мен белсенділігінде шек жоқ. Іс-шара соңында топ жарған жеңімпаздар алғыс хатпен марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.

Ұлттық ойынның бала тәрбиесіне, денсаулығы мен ойлау жүйесіне әсері мол. Сондықтан, жаман қылық пен жауыздықтан алшақтатып, ұлтжанды ұрпақ өсіремін десеңіз, ұл-қызыңыздың бос уақытта немен айналысатынына мән беріңіз. Ұлттық ойын ұрпақ санасын арттыруға үлкен серпіліс береді.

«Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін!»

«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі қарсаңында орталықта 17 жас бүлдіршіннің күрмеуі шешіліп, тұсауы кесілді. Тәй-тәй басқан бүлдіршіндеріміздің қадамы құтты, өмір жолы жарқын болсын!

Тұсаукесер рәсімге елімізге танымал эстрада жұлдыздары «Жігіттер» квартетінің мүшелері Айдар Байжанов, Ердос Қанаев, Мырзахан Маханов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Жігіттер» квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымов, «Нұр шашу» продюсерлiк орталығының директоры, асаба, Нұрбол Сүлейменов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ордабасы ауданының құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Мұқан Байбосынов, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры директорының орынбасары, Мұрат Нұрмағанбетов қатысты. Игі жақсылар бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Балалардың қаз-қаз басқан қадамына шашу шашылды. Тұсаукесер рәсімі қайырымдылық бағытта өтті. Орталықта алдағы уақытта да дәстүрге сай танымал игі жақсылар бүлдіршін ұл-қыздарымыздың тұсауын кесетін болады.

Тұсаукесер «балам өмір жолында сүрінбей, ешкімнің ала жібін аттамай, көктей өсіп-өніп, өмірі берекелі болсын» деген ата-ананың ниетімен жасалатын дәстүр. Кез-келген табысқа жеткен тұлғаның негізі балалық шақта жатыр. Қадам басуға талпынған сәбиіңіздің болашағы жарқын, жолы ашық болсын десеңіз, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ысырапсыз, дәстүрге сай тұсауын кесуге шақырамыз.

«ТҰСАУКЕСЕР» РӘСІМІ

Бүгін «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі қарсаңында орталықта 20 бүлдіршін қыздарымыздың тұсауы кесілді. Тәй-тәй басқан бүлдіршіндеріміздің қадамы құтты, өмір жолы жарқын болсын!

Тұсаукесер рәсімге өңірдің танымал аналары, қыз-келіншектері Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернатының директоры, айтыскер ақын Маржан Бегежанқызы Есжанова, Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиева, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Абдухамитқызы Оралбаева, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ақмарал Асанқызы Құдайбергенова, ОҚМПУ ректоры, т.ғ.к., доцент Гүлжан Дәулетбекқызы Сүгірбаева, ОҚМПУ оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент Баршагүл Қашқынқызы Исабек, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Нұрила Серікбайқызы Жұманова қатысты. Игі жақсылар бүлдіршін қыздарымыздың тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Тұсаукесер рәсімі қайырымдылық бағытта өтті.

Орталықта алдағы уақытта да дәстүрге сай танымал игі жақсылар бүлдіршін ұл-қыздарымыздың тұсауын кесетін болады. Тұсаукесер «балам өмір жолында сүрінбей, ешкімнің ала жібін аттамай, көктей өсіп-өніп, өмірі берекелі болсын» деген ата-ананың ниетімен жасалатын дәстүр. Кез-келген табысқа жеткен тұлғаның негізі балалық шақта жатыр. Қадам басуға талпынған сәбиіңіздің болашағы жарқын, жолы ашық болсын десеңіз, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ысырапсыз, дәстүрге сай тұсауын кесуге шақырамыз.

ШЫМКЕНТТЕ ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласында үлкен қуаныш, керемет жаңалық. Себебі, тағыда бір ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі ашылды. Дәстүрлi өнер мектебінің негізгі мақсаты — еліміздің төл өнері мен мәдениетін дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару және дәстүрлі өнердің түрлi салаларын жан-жақты жандандырып, оны жастар арасында кеңінен насихаттауды көздейдi.

«Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің басшысы болып тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Біржан Байтуов Ғаниұлын жаңа қызметімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз. Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін. Еңбекте жеміс, өз ортаңызда абырой-беделіңіз артып, биіктерден көрінуіңізге тілектеспіз.

«Қош келдің, Наурыз!» мерекелік іс-шара

Бүгін орталықта Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің бастауы саналатын, жұртымыздың жыл жаңарғанда тойлайтын дәстүрлі мерекесі «14 наурыз – Көрісу күніне» арналған мерекелік іс-шара өтті. Орталықтың кең ауласында құшақ жая қауышқан қала тұрғындары бір-бірімен көрісіп, мерекемен құттықтады. Ұлттық киімдегі аттылы жаршылар «Наурыз» келгені жөнінде хабарлап, шашу шашты. Өнерпаздар жиналған қауымды дәстүрлі өнермен сусындатып, орталық қызметкерлері көрініс көрсетті. Қазанға наурыз көжеге қосылатын жеті түрлі дәнді-дақыл салынып, ақ жаулықты әжелеріміз көженің дайындалу жолымен бөлісті. Қала тұрғындарына арнайы ақ дастархан жайылып, наурыз көже таратылды.

«Уықты басқұр сақтайды, елді дәстүр сақтайды» дейді халық даналығы. Ежелден келе жатқан бабалардың дәстүрін, ғұрпын қайта жаңғырту – бүгінгі заман талабы. Алыстағы ағайынды төс қағыстырған, жақындағы көршіні табыстырған көрісу, қауышу күні дәстүрін жоғалтпайық, ағайын! Ұлыс оң, ақ мол, ел аман, жұрт тыныш болсын!

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫ

Бүгін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық құндылықтарды, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді жастарға насихаттау мақсатында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетімен өзара ынтымақтастыққа меморандум жасасты.

Алдағы уақытта университетпен бірлесе меморандум аясында көптеген жұмыстар жүзеге асыру жоспарлануда.

«ДАРХАН ЕЛДІҢ ТАТУЛЫҒЫ»

«1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесі қарсаңында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесе «Дархан елдің татулығы» атты іс-шара өткізді. Шараның мақсаты қаламыздың тұрғындары мен түрлі ұлттар арасында бірлік пен ынтымақты нығайту, қазақ халқының салт-дәстүрін, өнерін өзге этностардың толық меңгеруіне, құрметтеуіне ықпал ету, көпұлтты Қазақстанның бірлігін сақтау және дамыту болып табылады.

Меркелік кездесуде татулықты ту еткен этнос өкілдері бір-біріне деген ілтипатын білдіріп, мерейлі датаның мән-маңызы туралы сөз етті. Ақ дастархан басында бас қосқан жиында айтыскер, ақын Жандос Мырзабаев қазақ халқының кең пейілін жырға қосты. Қаратау аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Зульфия Бекмұрзаева бастаған әжелер халық әні «Гауһартасты», Кәріс этномәдени бірлестігінің өкілі Ким Елена корей халық әнін, Өзбек этносының өкілі Юсвалиева Диляфруз Абайдың «Көзімнің қарасын» шырқаса, Түрік этносының өкілі Тұрсынова Гүлханым Р.Таймановтың «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әуенін қобыз аспабында нақышына келтіре ойнап берді. Тағылымды шараның соңында этнос өкілдері «Қазақ еліне мың алғыс» айтып, мерекелік көңіл күйде тарқасты.

Бүгін орталыққа Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің студенттері келіп, ұлтымыздың салт-дәстүрі, мәдени мұрасынан сусындап, рухани азық алды.

Арнайы экскурсия ұйымдастырушы маман тал бесіктен жер бесікке дейінгі халықтың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған этнографиялық, қолөнер бұйымдарының толық үлгілерімен таныстырды.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫ

Бүгін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық құндылықтарды, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді жастарға насихаттау мақсатында Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетімен өзара ынтымақтастыққа меморандум жасасты.

Алдағы уақытта университетпен бірлесе меморандум аясында көптеген жұмыстар жүзеге асыру жоспарлануда.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Жастар театры директорының шығармашылық құрам жөніндегі орынбасары, белгілі әнші Досымжан Қарпықұлы Таңатаров арнайы келіп, орталық жұмысының бағыт-бағдары, тыныс-тіршілігімен танысты.

1 2 3 4 9