«Жастар алтыбақан аясында» 18.06.2018ж

Бәйдібек аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімімен бірлесіп, Елбасының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау аясында жастар арасында «Жастар алтыбақан аясында» ойын-сауық кешін ұйымдастырды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаев пен Бәйдібек аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі меңгерушісі Ерғали Есмырзаев қатысып, алтыбақан аясында әсем ән мен сыңғырлаған күлкіге толы сауық кешін тамашалады. Ауыл-аймақтан жиналған өнерпаздар дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқап, жастар «Серке құлақ», «Таяқ лақтыру», «Арқан тарту», «Жастық лақтыру», «Ақ сүйек» секілді қазақ халқының ұмыт болған ұлттық ойындарын көрерменге ұсынды. «Алтыбақан» жастарға рухани қуат, өнегелі тәрбие береді. Көк пен жер арасында, айлы түнде барша жастың жүрегінде айтылар сыр мен шашылар жыр қалмайды. Аудан басшысы орынбасары Бағдатбек Жанғазиев игі шараның маңызы ерекше екендігіне тоқталып, алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізіп, бәйдібектіктердің кәдесыйын тарту етті.