«Домбыра — Думан» 02.07.2018ж

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шілде айының 1-ші жексенбісі «Ұлттық Домбыра күні» болып белгіленуіне орай ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі және әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы 1 шілде күні «Домбыра — Думан» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Елімізде алғаш рет аталып өтіп отырған атаулы күнге байланысты ұйымдастырылған іс-шараға «Тассай сазы» әжелер ансамблі, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің өнерпаздары, өңірімізге танымал домбырашы, термешілер Қалиев Бақберген, Бәйдебек Қошан және Республикамызға белгілі айтыскер-ақын Нұрлан Есенқұловтар қатысып тамаша табиғат аяасында қасиетті қос ішектен төгілген күмбірлі күйін, әуезді әнін, тағылымды термелерін «Жайлаукөл» саябағының келушілеріне паш етті. Қатысушы өнерпаздардан бөлек жиылған көрермендердің арасынан да суырылып шығып өз өнерін ортаға салып, көпшіліктің қошеметіне бөленгендер де болды. Шара соңында орталық басшысы Ж.Тағаев қатысушыларға мекеме атынан алғыс хаттар табыстады.