Киіз үй құрудан шеберлік сағаты 28.02.2019ж

ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Шымкент қаласы отбасы,балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе киіз үй құрудан шеберлік сағатын өткізді.
Түркі әлемінің мифологиялық танымы бойынша кеңістікте орналасуы жағынан киіз үй ғаламның ортасы, кіндігі деп танылған. Киіз үй — қазақтың сән-салтанаты мен ұлттық дәулетін көрсететін әрі заттық, әрі рухани мәдениеттің үздік үлгісі болып саналады. Оның шаңырақ, уық, кереге тағы да басқа бөліктерінің мән-мағынасын түсіндіру, бүгінгі өмірдегі қолданысын жастарға насихаттау – өткізіліп отырған шараның негізгі мақсаты болды. Орталық қызметкері Әйгерім Тастанова киіз үйдің теориялық құрылымы туралы презентациясын ұсынып, киіз үйдің құрал – жабдықтары, құрылысы, ішкі безендірілуі туралы мәлімет берді. Және осы орталықтың алаңында жастармен практикалық түрде киіз үй құрылды. Орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Абданбекұлы Тағаев қасиетті киіз үйдің қазақ халқының тұрмыс -тіршілігіндегі аса құнды, өмір салты мен әдет-ғұрпының, дүниетанымының, сан ғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы екендігін, ұлт мәдениетінің бір көрінісі ретінде қайта дәріптеліп жатқанын атап өтіп, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Шараға қаламыздағы жоғарғы оқу орны мен колледж студенттері, қала тұрғындары, мәдениет қызметкерлері қатысты.