«Наурыз керуен» шеруі 18.03.2019ж

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бастамасымен Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері арасында тұңғыш рет мерекелік «Наурыз керуен» шеруі өтті.
Табиғат рухының, көктем мейрамы мен қазақ халқының сән-салтанатын бейнелейтін бірнеше арғымаққа күйме жегіліп, керуен жасақталған. Салтанатты шеруге түрлі этнос өкілдері, мәдениет қызметкерлері, қала жастары, қала тұрғындарын қосқанда — барлығы 700 жуық адам қатысты. Керуен басын бозінген бастап, аттылы сері кісілер ән салып, ұлттық нақышта киінген абыз ақсақалдар аңыз-әпсәналарынан әңгіме айтып, ғибратты әндер орындап, шаһарымыздың көрікті жерлерін аралауға бағыт алды. Орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Абданбекұлы Тағаев өз сөзінде Ұлы Жібек жолында орналасқан Шымкент шахарынан тұңғыш рет бастау алған бұл шерудің маңызы зор екендігі, қала халқына, қонақтарға қуаныш сыйлайтын, жастарға көшпелі өркениеттің мән-маңызын көрсететін бұл шара алдағы жылдарда да жалғасын табады деп ойлаймын деп атап өтті. Наурыз алаңынан басталатын салтанатты керуенге ақсақал ардагерлер ақ тілектерін арнап, батасын берді. Жиналған қауымға Наурыз көже,табада піскен ыстық күлше нан және күбіден алынған сары майдан ауыз тию бұйырды. Шымкент қаласы Қазақстан Халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Қалмұратов Мұратәлі түркі жұртына ортақ Наурыз мерекесіне тән қазақ дәстүрлерін насихаттап, қоғамға пайдалы тұсын енгізу-бұл да болса Елбасы айтқан рухани жаңғыруға қосылған үлкен үлес деп білемін деп атап өтті. Алғашқы бет алған бағыты -Дендросаябақ, онда керуеншілер «Ақ бүрку» дәстүрін көрсетеді. Алғаш бүршік атқан кезде үлкен аналар жеміс ағашына арнайы ақ бүркиді. Бұл ырым түркілердің сенімі бойынша жер тойсын, жыл басынан ырысты болсын деген ниетпен мол жеміс беріп, еліміз молшылыққа кенелсін деген ойдан туындаған. Мерекелік шерудің жүру бағыты- Наурыз алаңынан – Дендросаябақ – Қонаев даңғылы бойымен өтіп, Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғимараты алдында аяқталады.