Ұлттық ат спорты ойындары : «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Ат ерттеу». 29.05.2019ж

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық ат спорт ойындарын және ат ерттеу мәдениетін дәріптеу мақсатында А.Асқаров атындағы орталық ипподромда этнотанымдық шара өткізді.
Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жастарға үлгілі, өнегелі тәрбие беру — қазіргі міндеттердің бірі. Күш пен төзімділікке, ақыл мен шапшаңдыққа, атқа отырып шабу мен мергендікке бағытталған ойын түрлері дені сау, өресі биік ұрпақ тәрбиелеуде сенімді құралға айналатыны сөзсіз.
Өткізілген шарада аттың дұрыс ерттелу тәртібін ипподром қызметкерлері көрсетсе, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, қыз қуу сияқты ақыл мен шапшаңдыққа, күш пен төзімділікке бағытталған ойын түрлері ойналды.
Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін, бір сөзбен айтқанда, нағыз ер жігіттің қатысатын ойыны.
Жамбы ату – қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Атпен шауып келе жатып, жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып түсіру керек болған. Төреші белгі берісімен, олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуға тиісті. Қыз қуу сонау ертеден келе жатқан спорт ойыны. Бағзы заманда жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты, ақтай алмағаны үшін қызбен некелесу құқынан айырылған.