«Көнеден жеткен сыр сандық» 24.09.2019 ж

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шеберлік сағатқа қаламыздың қолөнер шеберлері жиналып, өздерінің төл туындыларын көпшілік назарына ұсынып, қазақтың ұлттық нақыштарын дәріптейтін түрлі бұйымдарды қала тұрғындарына ұсынды. Бүгінгі шеберлік сағатқа жергілікті жас қолөнер шеберлері мен сазды сәнді бұйымға айналдырған хас шеберлер бас қосты. Көрмеде қойылған дорба, масатыдан құрақталған көрпе-төсек жабдықтары, қол сөмкелер адамның көз жауын алады. Бұл бұйымдар — жәдігер емес, қолдануға жарамды дүниелер. Ондағы бұйымдар жұрт сән үшін емес күнделікті қолданысқа тұтынуға болатын сәндік дүниелер. Мәселен, заманауи әмиян, қол дорбаларды дәстүрлі оюлармен әспеттеп, таза былғарыдан жасалған, кестелеп тігілген әмияндар мен қол сөмкелер, өрнектеп безендірілген бұйымдар да осы көрмеден табылды. Шараға келген қонақтар ұлттық нақышта жасалған бұйымдардың бірнеше нұсқасы қойылып, жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнерін, бұйымдарын осы жерден тамашалауға куә болды. Осы орайда ұлттық қолөнерді бүгінгі күнде заманауи үлгіде жалғастырып жүрген осы өңірдің танымал шеберлері, Республикалық және Халықаралық дәрежедегі шеберлер Айдарбекова Күләш, Бибіажар Симова апаларымыз тоқымашылық бұйымдарын алып келген болса, Қосмұратова Құралай қыз жасауына арналған құрақ көрпелері мен жастықтарын, Құрбанова Құралай өз қолымен жасаған ойыншықтарын, гобелен жасаудың хас шебері Сәуле Ахметова өз өнімдерін ұсынып, өз кезегінде көрермендерге мастер-класс көрсетіп, жастарға өз өнерлерін үйретуден жалықпайтынын жеткізді. Шеберлік сағатында көпшілік назарына 200- дей шеберлердің бұйым- туындылары ұсынылды. Басты мақсат – қазақ қолөнерінің тамаша туындыларын жасаудың қарапайым технологиясын осы күнде тұрмысқа қайта ендіріп, өсіп келе жатқан жастарымызға қазақ халқының қолөнеріне қызығушылығын арттыру.