«Қариялы ел-қазыналы» 01.10.2019 ж

1 қазан- Халықаралық қарттар күніне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы облыстық «Ардагерлер» үйінде «Қариялы ел-қазыналы» атты игі іс-шара ұйымдастырды.
Мерекелік шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, көптеген халықаралық сыйлықтардың лауреаты, ақын Нармахан Бегалы қатысып, орталық қызметкері Нұрлан Есенқұлов әуезді толғауымен ардагерлерге жақсы көңіл-күй сыйлады.
Іс-шарада Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры, мәдениет саласының үздігі Тағаев Жәнібек Абданбекұлы ардагерлерді бүгінгі айтулы мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдіре келе: – біз сіздермен кездесуге құштармыз, өйткені ел болған соң еңселі жұрты, қазыналы қарты болады, әр уақытта біз ата-анамызды сыйлап, үлкендерді құрметтеген халықпыз. Сондықтан «батамен ел көгерер» дегендей, үлкендердің батасын алып сыр-сұхбат жүргізудің сәті түсіп отыр, -деп жүрек тебіренісін жеткізді.
Ардақты ағамыз Нармахан Бегалы- «тәрбие өзегі-отбасылық құндылық болып саналса, қарияларға құрмет көрсету әрбіріміздің парызымыз», –деп, қариялардың қадір-қасиеті, туралы мағыналы сөздерімен, отбасылық құндылықтарды сақтайтын-қазыналы қариялар екендігі, олардың қоғамдағы орны туралы әңгіме өрбітті. Әңгіме барысында сөз алған қариялар қоғамдағы алаңдатқан мәселелер туралы айтпай кетпеді. Озығы мен тозығы жеткен салт-дәстүр туралы сөз қозғаған «Ардагерлер үйінің» демалушылары бүгінгі таңдағы отбасылық құндылықтардың, тәрбиенің осал тұстары туралы алаңдаушылықтарын білдірді. Төрехан Саят әуезді әндерімен қариялардың ілтипатына бөленсе,«Ардагерлер үйінің» мәдени іс-шараларын ұйымдастырушы, ақын-термеші Дайрабекова Дәмегүл жыр-термесімен ардагерлердің жүрегін тербетті. Халқымыздың салт-дәстүрінің, ой-дүниесінің көрінісі ретінде орталық қызметкерлері «Тұсаукесер рәсімін» өткізіп, қазыналы қарттарымыздың батасын алды.