«Сәлемің түзу болсын!»

2020 жылдың 28қаңтар күні «Сәлем-сөздің анасы», деп Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы іс-шараны сәлемдесу әдебімен бастады. «Қайырымды қала – Шымкент» концепциясына сәйкес жаңа қалалық ізгілікті мәдениет қалыптастыруға арналған «Қайырымды қала мәдениеті» жобасы аясында халқымыздың сәлем беру дәстүрі үлгісін насихаттауда «Сәлемің түзу болсын!» атты этнотанымдық шара өтті. Бұл шарадағы мақсат – «Болар елдің баласын сәнінен емес, сәлемінен таны» дегендей, халқымыздың сәлем беру дәстүрі үлгісін көпшілік арасында насихаттау. Этнотанымдық шараны Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы – Мыңбаев Рашид Мамытұлы салтанатты түрде ашып берді.

Іс-шара қонақтары көрнекті ақын, К.Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалыұлы мен Шымкент қаласының ардагерлер кеңесінің мүшесі Тілеубердиева Фатима өз ойларын ортаға салып, өнегелі әңгіме өрбітті. Ал, Қаратау ауданының бас имамы Желеуов Дастан Сүлейұлы өз сөзінде көпшілік бас қосқан жерде ортақ сәлем бергеннен кейін, жекелеп амандасу – басы артық әрекет. Әдетте жасы кіші – үлкенге, жеке – жалпыға, аттылы-жаяуға, басшылар бұқараға бұрын сәлем беруі – міндет деп шариғат талабына сай сәлемдесуді еске салды.