«САЛТ-ДӘСТҮРДЕ – АҚ ОТАУ»

Орталықта «Салт-дәстүрде – Ақ отау» тақырыбында қазақтың киіз үйін құрудан шеберлік сағаты өтті. Шараның мақсаты: қазақ халқының дүниетанымында заттық, әрі рухани мәдениеттің үздік үлгісі саналатын киіз үйдің тарихын, құрылымын, шаңырақ, уық, кереге, т.б. жабдықтарының мән-мағынасын тарату, бүгінгі өмірдегі қолданысын жастарға насихаттау. Шеберлік сағатына қаламыздағы жоғарғы оқу орны мен колледж студенттері қатысты.

Әуелі киіз үйдің теориялық құрылымы жайында таныстырылымын тыңдаған жастар, одан кейін нақты жұмысқа кірісті. Орталық қызметкерлері ғимарат алдында 12 қанат ақ орданы қалай дұрыс тұрғызу жолдарына жеке-жеке тоқталып, жастарға тәптіштеп түсіндірді. Жұмыс барысында тарихымыздағы ең бірінші сәулет құрылысына қажет шаңырақ, кереге, уық сынды заттардың әрбірінің маңызы жайлы айтылып, жиналған жастарға насихатталды. Қазақ елінің көне дүниетанымын көрсететін киіз үй – рухани мәдениеттің үздік үлгісі екендігін көрсете білді.
Жиналған жастардың барлығы дерлік киіз үйдің құрылу жолына алғаш куә болды. Оны жастардың қызығушылығын үйді құру барысындағы белсенділіктерінен-ақ байқауға болады. Орталық басшысы Сұлтан Оңғарұлы бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, шараға қатысқан жастарға алғысын білдірді.

ЖАС БҮЛДІРШІНДЕР ОРТАЛЫҚТА ҚОНАҚТА

Бүгін орталықта «Бағжан» балабақшасы ұлттық құндылықтардан сыр шертетін мерекелік шара ұйымдастырды. Күн мен түн теңелетін көктемнің шуақты мерекесі әз Наурыз мейрамына балабақша балғындары айрықша әзірленген. Шарада тілдері бал бүлдіршіндер тақпақ айтып, ән салды, би биледі. Бүлдіршіндерге ұлттық ойындар «арқан тартыс», «асық» ойындары ойнатылды.

Ұлық мерекені балабақшадан атап өтудегі басты мақсат – салт –дәстүр, наурыз құндылықтарын дәріптеу. Бұл бала тәрбиесіндегі басты қағида. Ал оған кез-келген ата–ана жұмыла қатысып жатса ұлттық тәрбиенің мақсат мұраты орындалады.

ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН КҮН

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қазақ халқының ұмытыла бастаған ұлттық тағамдары зиялы қауым өкілдерінің назарына ұсынды. Іс-шараға келген қонақтар қатарында ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли, «Nur otan» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, сондай -ақ елімізге танымал өнер жұлдыздары да бар. Заман алмасып, керуен көшкенімен көшпелі қазақ халқының таңдай қағып, тамсанатын тағамдары жетерлік. Мәселен, қарын көмбе, белкөтерер, сірне, жаужүрек сынды тағамдарды бұрын-соңды естігенсіз бе?

Мегаполистің 5 ұлттық тағам ұсынатын дәмханасының аспаздары атаулы іс-шарада өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Дәмі тіл үйірер тағамдарды жасап қана қоймай, олардың жасалу жолын көрсетіп, дайындау әдістерімен бөлісті. Қазақ халқының төл асының бірі – сірне. Бұл жеңсік ас көбіне қозының қом жинаған шағында дайындалады. Жас төлдің еті өте жұмсақ, әрі сіңірсіз сіресіп пісетіндіктен де «сірне» деп аталады екен.

Ұсынылған ұлттық тағамдар қатарында «үлпершек» бар. Бұл астың ерекшелігі жылқы жүрегінен жасалады, сондай-ақ дәрумендер мен нәрге бай келеді. Мұндай асты көбіне ұзатылып кеткен қыз еліне төркіндеп келген кезде арнайы әзірлейтін болған. Сонымен қатар, естіген құлақты елең еткізер тағамның бірі «Белкөтерер». Белкөтерер – дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. «Тоқсан көрем деген жасым ба еді, быламық жеймін деген асым ба еді»,- дегендей, жанары суалып, тісі түсіп, бойдан қуат кетіп, жасы келген жандар быламық секілді тағамды талғажау ететіні бар. Осындай жағдайда қарт кісілерге арнап жұмсақ әрі дәмді, қазы, қымыз секілді құнарлы тағамдардан бойға сіңімді сыбаға әзірлеген. Сондай тағамдардың бірі және бірегейі осы «Белкөтерер»
Орталық басшысы Сұлтан Оңғарұлы аталмыш іс-шараның басты мақсаты кейінгі ұрпаққа ұлттық тағамдардың көне дәстүрге сай нұсқасын тереңінен таныстыру деп мәлімдеді.
Айта кетейік, іс-шара соңында аспаздар арнайы алғыс хатпен марапатталып, қошеметке бөленді. Сонымен қатар, бүгінгі ұлттық тағамдар күнінде көпшіліктің көңілінен шыққан төл тағамдар ұлттық тағам ұсынатын дәмханалардың ас мәзіріне енетін болады.

«НАУРЫЗДЫ ЖАСТАР ЖЫРЛАЙДЫ»

Орталықта «Наурызды жастар жырлайды» атты онлайн айтыс өтті.
Наурызды жырға қосқан жас ақындар, ел бірлігі мен ынтымақты, ұлттық құндылығымыз бен дәстүріміз жайында сөз етті.

«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»

Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығы мен Шымқаламыздың 2200 жылдық мерейтойларының аясында, 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар» күніне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Жеті шаңырақ» мейрамханасында «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» атты танымдық шара өткізді. Шараның мақсаты ұмытылуға айналған ұлттық тағамдарын ұсынып жүрген «Кәусар», «Жеті шаңырақ», «Төрлет» т.б. мейрамханалар желісінің имиджін төл тағамдарды насихаттау арқылы көтеру. Көне заманнан бастау алған ұлттық асымызды жаңғыртып, туристерге қаламыздың тағамтану мәдениетін таныту.

Танымдық шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Құрманғали, «Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымының» директоры, белгілі әнші Сәкен Майғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Мұқасан Шахзадаев, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева, Журналистер одағының мүшесі, «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиоларының Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ерсұлтан Әмірбек, «Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма» басшысы Мәди Манатбек, дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева, белгілі әнші Мақсат Базарбаев, танымал блогер-журналистер мен жергілікті белсенді әлеуметтік желі қолданушылары қатысты.

Әдетте қазақтың асханасы десе, әуелі көз алдымызға ет пен сорпа, бауырсақ пен қымыз келеді. Дегенмен, көшпенділер асының біз білмейтін сан түрі бар. Айталық, зерттеушілер мен этнограф ғалымдар қазір қолданыста жоқ тағамның 200-ге жуық түрін тапқан. Бүгінгі танымдық шарада соның біразы жұртшылық назарына ұсынылды.
Іс-шараға қаламыздағы танымал мейрамханалар атап айтсақ, «Кәусар», «Жеті шаңырақ», «Төрлет» сынды мейрамханалардан келген аспаздар қатысып, «Қарын бөртпе», «Шеке асы», «Жаужүрек», «Өрмесүт», «Көмбе», «Белкөтерер», «Сірне», «Үлпершек» т.б. ұлттық тағам түрлерінің жасалу жолын көрсетіп, дайындау әдістерімен, тәжірибесімен бөлісті. Ұлттық тағамдардың түр-түрі қойылған ақ дастархан жайылып, келген қонақтарға ұсынылды. Игі жақсылар бүгінгі бастамаға ізгі тілектерін айтып, қолдау білдіретіндерін жеткізді. Танымдық шара соңында мейрамхана басшылығы мен аспаздар қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мырзаның алғыс хатымен марапатталды.

Алдағы уақытта қаламыздың танымал мейрамхана және салтанат сарайларының ас мәзіріне ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарымыз енгізілетін болады.
Осылайша, Шымқалаға келетін туристер салт-дәстүрімізді ғана емес, қазақы асхананың ерекшеліктерімен де таныстыруды көздейді.
Дәстүрлі қазақы астың ерекшеліктері арқылы халқымыздың салтын тануға болады. Әр тағамында терең түсінік, астарлы мән жатыр. Қонақжайлық мәдениетінің де биік болуы содан болар. Бүгінгі өткен танымдық шарада осы үрдіс көрініс тапты.

ШАҢЫРАҒЫНА ӘР ҚАЗАҚТЫҢ БАҚ ҚОНСЫН!АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАРЫМ КӨП БОЛСЫН!

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ұлт құндылығының бүгінде ұмытылған бірегей дәстүрінің бірі, ұрпақтың өсіп-өнуінің айшықты үлгісі-«Құрсақ шашу» дәстүрін насихаттау мақсатында тағлымдық шара өтті.

Шараға Қалалық ардагерлер кеңесінің жанындағы «Әжелер алқасының» төрайымы Шарапат Қожахметқызы, Қалалық ардагерлер кеңесі жанынан ұйымдастырылған «Асыл әжелер» тобының жетекшісі Бақбаева Гүлбараш, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Нұрила Серікбайқызы, әнші Дана Махатаева қатысты.

Қазіргі таңда ұмыт болып бара жатқан дәстүрдің бірі – «құрсақ шашу». Бала тәрбиесін анасының құрсағына біткен күннен бастаған бабаларымыздың бай тәжірибесінің бір көрінісі. Бала іште жатқаннан-ақ өзіне деген ілтипатты, анасының және отбасы мүшелерінің ғана емес, бүкіл ағайын-туыстың құрметін сезінсе, сол жақсылықтан нәр алып өседі. Бүгінгі шараға арнайы келген аяғы ауыр келіншектерге «Құрсақ шашу» тойы жасалынып, оның мән-маңызы, келіннің жерік асын табу, болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру, көз тиюден, шошынудан сақтау жөнінде тағылымды дүниелер айтылды. Думанды дастархан жайылып, ақ жаулықты әжелеріміз келіндерге батасын беріп, өнерпаздар әннен шашу шашты.

«Құрсақ шашу» дәстүрі – тәлім-тәрбиенің ерекше бір көрінісі. Жаңадан түскен келін өзінің ұрпақ жалғастырушы екенін біліп, еңсесі көтеріледі. Жолдасының жұртын өз жұртындай қабылдап, сол әулеттің ұрпағын көбейту үшін барын салады. Келіннің бірінші бала көтергенімен ғана емес, әр бала көтерген сайын құрсақ шашу дәстүрі жаңғырып тұрса, қандай керемет болар еді. Сондықтан келін тәрбиеліп отырған енелерімізге айтарымыз, келінінің аяғы ауыр екенін білген күннен бастап, «Құрсақ шашу» тойын жөн-жоралғысымен атап өтуді қолға алса дәстүріміз одан әрі жаңара түсер еді.

«Құрсақ шашу» тек той ғана емес, ене мен келінді жақындатуда, келіннің қайын жұртына тез сіңісіп кетуі мен бала тәрбиесіне тигізер пайдасы мол. Болашақ ана мен өмір есігін ашар ұрпақтың жағдайын ойлаған тілегі таза, ниеті ақ, шынайы әрі пайдалы дәстүр. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып, қажетіне жараған ұлағатты рухани мұраларымыз жалғасын таба бергей.

«ЖАСТАР АЛТЫБАҚАН АЯСЫНДА»

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жастар арасында «Алтыбақан» ойын-сауық кешін ұйымдастырды.
Шараға қала жастары Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің студенттері, №57 жалпы орта білім беретін мектеп, №59 жалпы орта білім беретін мектеп, №69 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары қатысып, алтыбақан аясында әсем ән мен сыңғырлаған күлкіге толы сауық кешін тамашалады. Өнерпаздар дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқап, жастар «Арқан тартыс», «Ақшамшық» секілді қазақ халқының ұлттық ойындарын көрерменге ұсынды. Кеште «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» дәстүрлері дәріптелді. Наурыз мерекесін тойлауда түрлі салт-дәстүр болған. Уақыт ағымына сай қазір олардың көбі ұмытылды. Соның бірі бір-бірін ұнатқан бозбала мен бойжеткендердің жаңа жылда ұсынар сыйлығы «Селтеркізер» мен «Ұйқыашар» дәстүрі. Бұл салтта бозбаланың сезімі ғана емес, халықтың ұғымы мен танымы, әдеті мен әдебі жатыр. Ұлыстың ұлы күні құрбылар таңды бірге қарсы алып, бір-біріне «селтеткізер» сыйлап, «ұйқыашардан» дәм татқан. Осылайша бабалар дәстүрі қайта жаңғырды. Шараға үлесін қосқан өнерпаздар мен жастарға арнайы алғыс хат пен сый-сияпаттар табысталды.
«Алтыбақан» жастарға рухани қуат, өнегелі тәрбие береді. Көк пен жер арасында, айлы түнде барша жастың жүрегінде айтылар сыр мен шашылар жыр қалмайды. Жастардың уақытын тиімді өткізіп, тағылымды дүниелермен сусындауына бағытталған бүгінгі шараның маңызы зор. Кезінде ұлттық мәдениетіміздің мәйегіне айналған ұлттық ойындарды тек мерекелік шара шеңберінде ғана қалдырмай, әрдайым дәріптеп, одан әрі жандандыру қажет.

«ДӘСТҮРІМ – ҚАЗЫНАМ» АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында 18 наурыз — Ашық есік күні. Батыс Қазақстан, Орал қаласы «Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің» жас режиссерлары орталыққа арнайы келіп, ұлтымыздың салт-дәстүрі, мәдени мұрасынан сусындап, рухани азық алды. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі халықтың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған этнографиялық, қолөнер бұйымдарының толық үлгілерімен танысты.

«ДӘСТҮРІМ – ҚАЗЫНАМ» АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында Ашық есік күні. Алғаш болып ат басын бұрған Түркістан облысы, Отырар, Созақ аудандарының «Құрметті азаматы», қоғам қайраткері, ардақты ағамыз Шалатай Мырзахметұлы болды. Саналы ғұмырын еліміздің өркендеу жолына арнаған Шалатай аға туған жерден, ата-анадан көрген өнегесінің бүкіл ғұмырына азық болғанын әңгімелеп берді. Орталықтың алдағы бағыты туралы сөз қозғалғанда Ө.Жәнібековтің есімін беру туралы ұсынысымызға қолдау білдірді.
Ағамызға зор денсаулық, мәнді ғұмыр тілейміз.

«ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР – ҰРПАҚТЫ ШЫҢДАЙДЫ»

Бүгін орталықта «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі қарсаңында жастарға ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында «Ұлттық ойын – ұрпақты шыңдайды» атты іс-шара өтті. Шараға қаламыздағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері, Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта мектеп, №59 жалпы орта білім беретін мектеп, №69 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары қатысты.

Балалар «АРҚАН ТАРТЫС», «БЕСТАС», «ТЕППЕ» (ЛӘҢГІ), «АСЫҚ ОЙЫНДАРЫ», «АСАУ МӘСТЕК», «МЕШКЕЙ» сынды ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті. Бұл ойын түрлерін бүгінгі балалардың көбі біле бермейді. Сайысқа түскен жастардың қызығушылығы мен белсенділігінде шек жоқ. Іс-шара соңында топ жарған жеңімпаздар алғыс хатпен марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.

Ұлттық ойынның бала тәрбиесіне, денсаулығы мен ойлау жүйесіне әсері мол. Сондықтан, жаман қылық пен жауыздықтан алшақтатып, ұлтжанды ұрпақ өсіремін десеңіз, ұл-қызыңыздың бос уақытта немен айналысатынына мән беріңіз. Ұлттық ойын ұрпақ санасын арттыруға үлкен серпіліс береді.

1 2 3 9