«ДАРХАН ЕЛДІҢ ТАТУЛЫҒЫ»

«1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесі қарсаңында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесе «Дархан елдің татулығы» атты іс-шара өткізді. Шараның мақсаты қаламыздың тұрғындары мен түрлі ұлттар арасында бірлік пен ынтымақты нығайту, қазақ халқының салт-дәстүрін, өнерін өзге этностардың толық меңгеруіне, құрметтеуіне ықпал ету, көпұлтты Қазақстанның бірлігін сақтау және дамыту болып табылады.

Меркелік кездесуде татулықты ту еткен этнос өкілдері бір-біріне деген ілтипатын білдіріп, мерейлі датаның мән-маңызы туралы сөз етті. Ақ дастархан басында бас қосқан жиында айтыскер, ақын Жандос Мырзабаев қазақ халқының кең пейілін жырға қосты. Қаратау аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Зульфия Бекмұрзаева бастаған әжелер халық әні «Гауһартасты», Кәріс этномәдени бірлестігінің өкілі Ким Елена корей халық әнін, Өзбек этносының өкілі Юсвалиева Диляфруз Абайдың «Көзімнің қарасын» шырқаса, Түрік этносының өкілі Тұрсынова Гүлханым Р.Таймановтың «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әуенін қобыз аспабында нақышына келтіре ойнап берді. Тағылымды шараның соңында этнос өкілдері «Қазақ еліне мың алғыс» айтып, мерекелік көңіл күйде тарқасты.