«Қош келдің, Наурыз!» мерекелік іс-шара

Бүгін орталықта Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің бастауы саналатын, жұртымыздың жыл жаңарғанда тойлайтын дәстүрлі мерекесі «14 наурыз – Көрісу күніне» арналған мерекелік іс-шара өтті. Орталықтың кең ауласында құшақ жая қауышқан қала тұрғындары бір-бірімен көрісіп, мерекемен құттықтады. Ұлттық киімдегі аттылы жаршылар «Наурыз» келгені жөнінде хабарлап, шашу шашты. Өнерпаздар жиналған қауымды дәстүрлі өнермен сусындатып, орталық қызметкерлері көрініс көрсетті. Қазанға наурыз көжеге қосылатын жеті түрлі дәнді-дақыл салынып, ақ жаулықты әжелеріміз көженің дайындалу жолымен бөлісті. Қала тұрғындарына арнайы ақ дастархан жайылып, наурыз көже таратылды.

«Уықты басқұр сақтайды, елді дәстүр сақтайды» дейді халық даналығы. Ежелден келе жатқан бабалардың дәстүрін, ғұрпын қайта жаңғырту – бүгінгі заман талабы. Алыстағы ағайынды төс қағыстырған, жақындағы көршіні табыстырған көрісу, қауышу күні дәстүрін жоғалтпайық, ағайын! Ұлыс оң, ақ мол, ел аман, жұрт тыныш болсын!