«Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін!»

«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі қарсаңында орталықта 17 жас бүлдіршіннің күрмеуі шешіліп, тұсауы кесілді. Тәй-тәй басқан бүлдіршіндеріміздің қадамы құтты, өмір жолы жарқын болсын!

Тұсаукесер рәсімге елімізге танымал эстрада жұлдыздары «Жігіттер» квартетінің мүшелері Айдар Байжанов, Ердос Қанаев, Мырзахан Маханов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Жігіттер» квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымов, «Нұр шашу» продюсерлiк орталығының директоры, асаба, Нұрбол Сүлейменов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ордабасы ауданының құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Мұқан Байбосынов, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры директорының орынбасары, Мұрат Нұрмағанбетов қатысты. Игі жақсылар бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Балалардың қаз-қаз басқан қадамына шашу шашылды. Тұсаукесер рәсімі қайырымдылық бағытта өтті. Орталықта алдағы уақытта да дәстүрге сай танымал игі жақсылар бүлдіршін ұл-қыздарымыздың тұсауын кесетін болады.

Тұсаукесер «балам өмір жолында сүрінбей, ешкімнің ала жібін аттамай, көктей өсіп-өніп, өмірі берекелі болсын» деген ата-ананың ниетімен жасалатын дәстүр. Кез-келген табысқа жеткен тұлғаның негізі балалық шақта жатыр. Қадам басуға талпынған сәбиіңіздің болашағы жарқын, жолы ашық болсын десеңіз, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ысырапсыз, дәстүрге сай тұсауын кесуге шақырамыз.