«ЖАСТАР АЛТЫБАҚАН АЯСЫНДА»

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жастар арасында «Алтыбақан» ойын-сауық кешін ұйымдастырды.
Шараға қала жастары Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің студенттері, №57 жалпы орта білім беретін мектеп, №59 жалпы орта білім беретін мектеп, №69 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары қатысып, алтыбақан аясында әсем ән мен сыңғырлаған күлкіге толы сауық кешін тамашалады. Өнерпаздар дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқап, жастар «Арқан тартыс», «Ақшамшық» секілді қазақ халқының ұлттық ойындарын көрерменге ұсынды. Кеште «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» дәстүрлері дәріптелді. Наурыз мерекесін тойлауда түрлі салт-дәстүр болған. Уақыт ағымына сай қазір олардың көбі ұмытылды. Соның бірі бір-бірін ұнатқан бозбала мен бойжеткендердің жаңа жылда ұсынар сыйлығы «Селтеркізер» мен «Ұйқыашар» дәстүрі. Бұл салтта бозбаланың сезімі ғана емес, халықтың ұғымы мен танымы, әдеті мен әдебі жатыр. Ұлыстың ұлы күні құрбылар таңды бірге қарсы алып, бір-біріне «селтеткізер» сыйлап, «ұйқыашардан» дәм татқан. Осылайша бабалар дәстүрі қайта жаңғырды. Шараға үлесін қосқан өнерпаздар мен жастарға арнайы алғыс хат пен сый-сияпаттар табысталды.
«Алтыбақан» жастарға рухани қуат, өнегелі тәрбие береді. Көк пен жер арасында, айлы түнде барша жастың жүрегінде айтылар сыр мен шашылар жыр қалмайды. Жастардың уақытын тиімді өткізіп, тағылымды дүниелермен сусындауына бағытталған бүгінгі шараның маңызы зор. Кезінде ұлттық мәдениетіміздің мәйегіне айналған ұлттық ойындарды тек мерекелік шара шеңберінде ғана қалдырмай, әрдайым дәріптеп, одан әрі жандандыру қажет.