ШАҢЫРАҒЫНА ӘР ҚАЗАҚТЫҢ БАҚ ҚОНСЫН!АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАРЫМ КӨП БОЛСЫН!

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ұлт құндылығының бүгінде ұмытылған бірегей дәстүрінің бірі, ұрпақтың өсіп-өнуінің айшықты үлгісі-«Құрсақ шашу» дәстүрін насихаттау мақсатында тағлымдық шара өтті.

Шараға Қалалық ардагерлер кеңесінің жанындағы «Әжелер алқасының» төрайымы Шарапат Қожахметқызы, Қалалық ардагерлер кеңесі жанынан ұйымдастырылған «Асыл әжелер» тобының жетекшісі Бақбаева Гүлбараш, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Нұрила Серікбайқызы, әнші Дана Махатаева қатысты.

Қазіргі таңда ұмыт болып бара жатқан дәстүрдің бірі – «құрсақ шашу». Бала тәрбиесін анасының құрсағына біткен күннен бастаған бабаларымыздың бай тәжірибесінің бір көрінісі. Бала іште жатқаннан-ақ өзіне деген ілтипатты, анасының және отбасы мүшелерінің ғана емес, бүкіл ағайын-туыстың құрметін сезінсе, сол жақсылықтан нәр алып өседі. Бүгінгі шараға арнайы келген аяғы ауыр келіншектерге «Құрсақ шашу» тойы жасалынып, оның мән-маңызы, келіннің жерік асын табу, болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру, көз тиюден, шошынудан сақтау жөнінде тағылымды дүниелер айтылды. Думанды дастархан жайылып, ақ жаулықты әжелеріміз келіндерге батасын беріп, өнерпаздар әннен шашу шашты.

«Құрсақ шашу» дәстүрі – тәлім-тәрбиенің ерекше бір көрінісі. Жаңадан түскен келін өзінің ұрпақ жалғастырушы екенін біліп, еңсесі көтеріледі. Жолдасының жұртын өз жұртындай қабылдап, сол әулеттің ұрпағын көбейту үшін барын салады. Келіннің бірінші бала көтергенімен ғана емес, әр бала көтерген сайын құрсақ шашу дәстүрі жаңғырып тұрса, қандай керемет болар еді. Сондықтан келін тәрбиеліп отырған енелерімізге айтарымыз, келінінің аяғы ауыр екенін білген күннен бастап, «Құрсақ шашу» тойын жөн-жоралғысымен атап өтуді қолға алса дәстүріміз одан әрі жаңара түсер еді.

«Құрсақ шашу» тек той ғана емес, ене мен келінді жақындатуда, келіннің қайын жұртына тез сіңісіп кетуі мен бала тәрбиесіне тигізер пайдасы мол. Болашақ ана мен өмір есігін ашар ұрпақтың жағдайын ойлаған тілегі таза, ниеті ақ, шынайы әрі пайдалы дәстүр. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып, қажетіне жараған ұлағатты рухани мұраларымыз жалғасын таба бергей.