ЖАС БҮЛДІРШІНДЕР ОРТАЛЫҚТА ҚОНАҚТА

Бүгін орталықта «Бағжан» балабақшасы ұлттық құндылықтардан сыр шертетін мерекелік шара ұйымдастырды. Күн мен түн теңелетін көктемнің шуақты мерекесі әз Наурыз мейрамына балабақша балғындары айрықша әзірленген. Шарада тілдері бал бүлдіршіндер тақпақ айтып, ән салды, би биледі. Бүлдіршіндерге ұлттық ойындар «арқан тартыс», «асық» ойындары ойнатылды.

Ұлық мерекені балабақшадан атап өтудегі басты мақсат – салт –дәстүр, наурыз құндылықтарын дәріптеу. Бұл бала тәрбиесіндегі басты қағида. Ал оған кез-келген ата–ана жұмыла қатысып жатса ұлттық тәрбиенің мақсат мұраты орындалады.

ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН КҮН

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қазақ халқының ұмытыла бастаған ұлттық тағамдары зиялы қауым өкілдерінің назарына ұсынды. Іс-шараға келген қонақтар қатарында ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли, «Nur otan» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, сондай -ақ елімізге танымал өнер жұлдыздары да бар. Заман алмасып, керуен көшкенімен көшпелі қазақ халқының таңдай қағып, тамсанатын тағамдары жетерлік. Мәселен, қарын көмбе, белкөтерер, сірне, жаужүрек сынды тағамдарды бұрын-соңды естігенсіз бе?

Мегаполистің 5 ұлттық тағам ұсынатын дәмханасының аспаздары атаулы іс-шарада өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Дәмі тіл үйірер тағамдарды жасап қана қоймай, олардың жасалу жолын көрсетіп, дайындау әдістерімен бөлісті. Қазақ халқының төл асының бірі – сірне. Бұл жеңсік ас көбіне қозының қом жинаған шағында дайындалады. Жас төлдің еті өте жұмсақ, әрі сіңірсіз сіресіп пісетіндіктен де «сірне» деп аталады екен.

Ұсынылған ұлттық тағамдар қатарында «үлпершек» бар. Бұл астың ерекшелігі жылқы жүрегінен жасалады, сондай-ақ дәрумендер мен нәрге бай келеді. Мұндай асты көбіне ұзатылып кеткен қыз еліне төркіндеп келген кезде арнайы әзірлейтін болған. Сонымен қатар, естіген құлақты елең еткізер тағамның бірі «Белкөтерер». Белкөтерер – дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. «Тоқсан көрем деген жасым ба еді, быламық жеймін деген асым ба еді»,- дегендей, жанары суалып, тісі түсіп, бойдан қуат кетіп, жасы келген жандар быламық секілді тағамды талғажау ететіні бар. Осындай жағдайда қарт кісілерге арнап жұмсақ әрі дәмді, қазы, қымыз секілді құнарлы тағамдардан бойға сіңімді сыбаға әзірлеген. Сондай тағамдардың бірі және бірегейі осы «Белкөтерер»
Орталық басшысы Сұлтан Оңғарұлы аталмыш іс-шараның басты мақсаты кейінгі ұрпаққа ұлттық тағамдардың көне дәстүрге сай нұсқасын тереңінен таныстыру деп мәлімдеді.
Айта кетейік, іс-шара соңында аспаздар арнайы алғыс хатпен марапатталып, қошеметке бөленді. Сонымен қатар, бүгінгі ұлттық тағамдар күнінде көпшіліктің көңілінен шыққан төл тағамдар ұлттық тағам ұсынатын дәмханалардың ас мәзіріне енетін болады.

1 2 3 4 23