«НАУРЫЗДЫ ЖАСТАР ЖЫРЛАЙДЫ»

Орталықта «Наурызды жастар жырлайды» атты онлайн айтыс өтті.
Наурызды жырға қосқан жас ақындар, ел бірлігі мен ынтымақты, ұлттық құндылығымыз бен дәстүріміз жайында сөз етті.

«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»

Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығы мен Шымқаламыздың 2200 жылдық мерейтойларының аясында, 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар» күніне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Жеті шаңырақ» мейрамханасында «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» атты танымдық шара өткізді. Шараның мақсаты ұмытылуға айналған ұлттық тағамдарын ұсынып жүрген «Кәусар», «Жеті шаңырақ», «Төрлет» т.б. мейрамханалар желісінің имиджін төл тағамдарды насихаттау арқылы көтеру. Көне заманнан бастау алған ұлттық асымызды жаңғыртып, туристерге қаламыздың тағамтану мәдениетін таныту.

Танымдық шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Құрманғали, «Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымының» директоры, белгілі әнші Сәкен Майғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Мұқасан Шахзадаев, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева, Журналистер одағының мүшесі, «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиоларының Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ерсұлтан Әмірбек, «Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма» басшысы Мәди Манатбек, дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева, белгілі әнші Мақсат Базарбаев, танымал блогер-журналистер мен жергілікті белсенді әлеуметтік желі қолданушылары қатысты.

Әдетте қазақтың асханасы десе, әуелі көз алдымызға ет пен сорпа, бауырсақ пен қымыз келеді. Дегенмен, көшпенділер асының біз білмейтін сан түрі бар. Айталық, зерттеушілер мен этнограф ғалымдар қазір қолданыста жоқ тағамның 200-ге жуық түрін тапқан. Бүгінгі танымдық шарада соның біразы жұртшылық назарына ұсынылды.
Іс-шараға қаламыздағы танымал мейрамханалар атап айтсақ, «Кәусар», «Жеті шаңырақ», «Төрлет» сынды мейрамханалардан келген аспаздар қатысып, «Қарын бөртпе», «Шеке асы», «Жаужүрек», «Өрмесүт», «Көмбе», «Белкөтерер», «Сірне», «Үлпершек» т.б. ұлттық тағам түрлерінің жасалу жолын көрсетіп, дайындау әдістерімен, тәжірибесімен бөлісті. Ұлттық тағамдардың түр-түрі қойылған ақ дастархан жайылып, келген қонақтарға ұсынылды. Игі жақсылар бүгінгі бастамаға ізгі тілектерін айтып, қолдау білдіретіндерін жеткізді. Танымдық шара соңында мейрамхана басшылығы мен аспаздар қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мырзаның алғыс хатымен марапатталды.

Алдағы уақытта қаламыздың танымал мейрамхана және салтанат сарайларының ас мәзіріне ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарымыз енгізілетін болады.
Осылайша, Шымқалаға келетін туристер салт-дәстүрімізді ғана емес, қазақы асхананың ерекшеліктерімен де таныстыруды көздейді.
Дәстүрлі қазақы астың ерекшеліктері арқылы халқымыздың салтын тануға болады. Әр тағамында терең түсінік, астарлы мән жатыр. Қонақжайлық мәдениетінің де биік болуы содан болар. Бүгінгі өткен танымдық шарада осы үрдіс көрініс тапты.

ШАҢЫРАҒЫНА ӘР ҚАЗАҚТЫҢ БАҚ ҚОНСЫН!АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАРЫМ КӨП БОЛСЫН!

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ұлт құндылығының бүгінде ұмытылған бірегей дәстүрінің бірі, ұрпақтың өсіп-өнуінің айшықты үлгісі-«Құрсақ шашу» дәстүрін насихаттау мақсатында тағлымдық шара өтті.

Шараға Қалалық ардагерлер кеңесінің жанындағы «Әжелер алқасының» төрайымы Шарапат Қожахметқызы, Қалалық ардагерлер кеңесі жанынан ұйымдастырылған «Асыл әжелер» тобының жетекшісі Бақбаева Гүлбараш, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Нұрила Серікбайқызы, әнші Дана Махатаева қатысты.

Қазіргі таңда ұмыт болып бара жатқан дәстүрдің бірі – «құрсақ шашу». Бала тәрбиесін анасының құрсағына біткен күннен бастаған бабаларымыздың бай тәжірибесінің бір көрінісі. Бала іште жатқаннан-ақ өзіне деген ілтипатты, анасының және отбасы мүшелерінің ғана емес, бүкіл ағайын-туыстың құрметін сезінсе, сол жақсылықтан нәр алып өседі. Бүгінгі шараға арнайы келген аяғы ауыр келіншектерге «Құрсақ шашу» тойы жасалынып, оның мән-маңызы, келіннің жерік асын табу, болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру, көз тиюден, шошынудан сақтау жөнінде тағылымды дүниелер айтылды. Думанды дастархан жайылып, ақ жаулықты әжелеріміз келіндерге батасын беріп, өнерпаздар әннен шашу шашты.

«Құрсақ шашу» дәстүрі – тәлім-тәрбиенің ерекше бір көрінісі. Жаңадан түскен келін өзінің ұрпақ жалғастырушы екенін біліп, еңсесі көтеріледі. Жолдасының жұртын өз жұртындай қабылдап, сол әулеттің ұрпағын көбейту үшін барын салады. Келіннің бірінші бала көтергенімен ғана емес, әр бала көтерген сайын құрсақ шашу дәстүрі жаңғырып тұрса, қандай керемет болар еді. Сондықтан келін тәрбиеліп отырған енелерімізге айтарымыз, келінінің аяғы ауыр екенін білген күннен бастап, «Құрсақ шашу» тойын жөн-жоралғысымен атап өтуді қолға алса дәстүріміз одан әрі жаңара түсер еді.

«Құрсақ шашу» тек той ғана емес, ене мен келінді жақындатуда, келіннің қайын жұртына тез сіңісіп кетуі мен бала тәрбиесіне тигізер пайдасы мол. Болашақ ана мен өмір есігін ашар ұрпақтың жағдайын ойлаған тілегі таза, ниеті ақ, шынайы әрі пайдалы дәстүр. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып, қажетіне жараған ұлағатты рухани мұраларымыз жалғасын таба бергей.

«ЖАСТАР АЛТЫБАҚАН АЯСЫНДА»

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жастар арасында «Алтыбақан» ойын-сауық кешін ұйымдастырды.
Шараға қала жастары Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің студенттері, №57 жалпы орта білім беретін мектеп, №59 жалпы орта білім беретін мектеп, №69 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары қатысып, алтыбақан аясында әсем ән мен сыңғырлаған күлкіге толы сауық кешін тамашалады. Өнерпаздар дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқап, жастар «Арқан тартыс», «Ақшамшық» секілді қазақ халқының ұлттық ойындарын көрерменге ұсынды. Кеште «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» дәстүрлері дәріптелді. Наурыз мерекесін тойлауда түрлі салт-дәстүр болған. Уақыт ағымына сай қазір олардың көбі ұмытылды. Соның бірі бір-бірін ұнатқан бозбала мен бойжеткендердің жаңа жылда ұсынар сыйлығы «Селтеркізер» мен «Ұйқыашар» дәстүрі. Бұл салтта бозбаланың сезімі ғана емес, халықтың ұғымы мен танымы, әдеті мен әдебі жатыр. Ұлыстың ұлы күні құрбылар таңды бірге қарсы алып, бір-біріне «селтеткізер» сыйлап, «ұйқыашардан» дәм татқан. Осылайша бабалар дәстүрі қайта жаңғырды. Шараға үлесін қосқан өнерпаздар мен жастарға арнайы алғыс хат пен сый-сияпаттар табысталды.
«Алтыбақан» жастарға рухани қуат, өнегелі тәрбие береді. Көк пен жер арасында, айлы түнде барша жастың жүрегінде айтылар сыр мен шашылар жыр қалмайды. Жастардың уақытын тиімді өткізіп, тағылымды дүниелермен сусындауына бағытталған бүгінгі шараның маңызы зор. Кезінде ұлттық мәдениетіміздің мәйегіне айналған ұлттық ойындарды тек мерекелік шара шеңберінде ғана қалдырмай, әрдайым дәріптеп, одан әрі жандандыру қажет.

СӘБИДІҢ КЕСІП ТҰСАУЫН, САЛТ-ДӘСТҮР АШАР ҚҰШАҒЫН!

Тұсаукесер «балам өмір жолында сүрінбей, ешкімнің ала жібін аттамай, көктей өсіп-өніп, өмірі берекелі болсын» деген ата-ананың ниетімен жасалатын дәстүр. Кез-келген табысқа жеткен тұлғаның негізі балалық шақта жатыр.

Қадам басуға талпынған сәбиіңіздің болашағы жарқын, жолы ашық болсын десеңіз Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ысырапсыз, дәстүрге сай тұсауын кесуге шақырамыз.

1 2 3 4 5 23