«Жақсы келін-ырысың!» 27.03.2018ж

Отбасындағы ата-ене, келін, қайын сіңлі, қайын арасындағы сыйластық, ұлттық салт – дәстүріміздегі келіннің орны, отбасы ұйтқысына айналуы, «бесік жырын» насихаттауда «Жақсы келін-ырысың!» атты қалалық жас келіндер байқауы ұйымдастырылды. Байқауда бүтін бір әулеттің намысын қорғап, бір шаңырақты шаттыққа бөлеп отырған, он саусағынан өнері тамған, ата-баба дәстүрі мен салтын сақтауда өзгелерден ерекшеленген 7 келін бақ сынады. Сайыс мынадай 4 кезеңді қамтыды: 1.«Анамның әлдилеген ақ бесігі» бесік жырын орындау (5 минут) 2. «Салт-дәстүрім – рухани байлығым» Отбасылық салт-дәстүрімізге байланысты сұрақ-жауап (1 минут) 3. «Талантты болу — Тәңірден» өз өнерін көрсету (3-4минут) 4. «Халқын сүйген – салтын сүйер» үй тапсырмасы, қолөнер. Байқауға Б. Өтепов атындағы өнер мектеп-интернаты директоры, айтыскер ақын Маржан Есжанова, Қаратау ауданы әйелдер кеңесінің төрайымы Зульфия Бекмурзаева, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншісі Гүлмира Қалыбекова төрелік етті. Нәтижеде 1-орын Айдана Егеубаеваға, 2-орын Айгерім Бегалыға, 3-орын Нұрәліқызы Айнисаға бұйырды. Өзге өнерпаздар түрлі номинациялармен марапатталды.