«Үкілі ару» 24-25.04.2018ж

Облыс көлеміндегі аудандар арасында екі күндік «Үкілі ару» байқауын ұйымдастырды. Жүн түтіп, күбі пісіп, нан көміп, самауыр қойған ару қыздарымыз Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Қыздардың бірі көркемсөз оқудан жұртты тамсандырса, бірі мың бұрала би билеп, әуелете ән шырқады. Екі күнге созылған байқауда қазылар алқасы – ҚР еңбек сіңген қайраткері Әбдіраимова Сабираш Бимұрзақызы, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық саяси газетінің руханият бөлімі меңгерушісі Үмітхан Алтаева, Шакура Қадірқұлова сынды ел аналары төрелік етті. Байқау қорытындысы бойынша: Бас жүлде – Зинулла Аружан Саулетбекқызына (Түлкібас ауданы), І орын – Аманбек Қарлығашқа (Ордабасы ауданы), ІІ орын – Әбубәкір Аружанға (Шымкент қаласы), ІІІ орын – Құдайбек Әйгерім Маратқызына (Түркістан қаласы) бұйырды.