АТ ТЕРГЕУ ДӘСТҮРІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Қазақ ғұрпында жасы кіші адамдардың өзінен үлкен кісілердің атын атауы өте əбестік саналады. Əсіресе, жаңа түскен келіндердің үлкен адамдар мен ата-ене, қайнаға, қайынбике, қайынсіңлі, қайын іні жəне абысындарының атын атауын тəрбиесіздік, көргенсіздік, тексіздік деп есептейтіндіктен, олар ат тергеп, қайын жұртының үлкен-кішілеріне түгел ат қойып алуы шарт.

Жас келіндердің ат тергеп, ат қоюы – олардың үлкендерге деген кісілік құрметін əйгілесе, тағы бір жағынан, олардың тапқырлығын, зеректігін байқататын үлкен сын болғандықтан, келіннің ат қоюына қарап, ауыл адамдары оның ақыл-ой, білімдеңгейі мен зейін-зердесін бағамдайды.

Сол себепті, жас келін өзі атын тергейтін адамдарының жасына, білім деңгейіне, беделіне, ерекшеліктеріне, мінез-құлқына, түр-тұрпатына қарай ат қояды.