Негізгі

AHY2352Асыл дәстүрлер сабақтасар орталық

 

     Қазақ халық боп жаралғалы оның салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қанымен бірге біте қайнасып келеді. Сондықтан да бұл құндылықтар біз үшін ең қасиетті, ең қадірлі екені даусыз. Ғасырлар бойы дамып, өркендеп келе жатқан діліміз бен тіліміз қазақты халық ретінде сақтап, болашаққа да нық сеніммен бастап бара жатыр. Мәңгілік ел болуымыздың да алғы шарттарының бірі осы құндылықтарымыз екенін Елбасы үнемі айтып келеді.

   «Қазақстан — бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне — бірі нәр беріп тұрады»,- деп Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ерекше атап өтті. Ата дәстүрді бүгінгі күнмен сабақтастыруға салихалы тапсырма берген еді.

  Біздің ұлттық дәстүрлерімізде қазақтың бет-бейнесі, таным-түсінігі, жалпы жаратылысы жатқандығы белгілі. Ата — бабамыз «жел бесіктен жер бесікке дейін» әрбір атаулы күнді тіршілігінен тыс қалдырмай, ат беріп, айдар тағып, ерекше дәстүрмен айшықтап қараған. Сондықтан болса керек, қазақ «Дәстүрің — дәулетің» деп бағалаған.

   «Құрсақ шашу» тойынан бастап қарттық жасқа дейінгі аралықта көптеген салт-дәстүрлер жүзеге асырылады. Бұлардың бәрінде де жақсы тілек, ақ ниет ерекше орын алады. Міне, осы үрдістерді ұмытпай, әрбір буын өзінен кейінгі жасқа үйретіп, ұрпақ сабақтастығын дәстүр сабақтастығын үнемі жалғап отыруы керек. Сол тұрғыда осы орталықта үлкен де игі іс-шаралар жүзеге асырылуы керек. Олардың негізгі ұстанымы — Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы.

    Бұл біз көз үйренген этнографиялық бағалы заттарды тізіп қояр мұражай емес. Мұнда ғылыми — зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүргізіліп, баспа өнімдері шығарылып, ғасырдан — ғасырға жеткен әдет — ғұрып, салт — дәстүріміз кеңінен насихатталады.

    Орталықта сонымен қатар Оңтүстікті мекендеген көп ұлт өкілдерінің салт-дәстүр, әдет — ғұрыптары зерделеніп, талданып, болашақта қазақ халқының салт — дәстүрлерімен бірге бір мақсатқа, бір идеяға, ортақ игілікке пайдалану жағы қарастырылады.

    Қазақ қашанда жеті санын киелі санағаны белгілі, «Жеті қазына», «Жеті жарғы», «Жеті ата» деп басталатын жетіге қатысты даналық сөздерді тарқата зерделеу де қажет. Осы тұрғыда жастардың санасына сіндіріп, танымын арттыруда өзекті мәселелердің бірі.

    Қазақ жаратылысынан ибалы да иманды халық болғандықтан, «Әдет — ғұрып және салт — дәстүр орталығына» келушілер рухани ләззат алып, өз ұлтының ұлағатты ісін, тәлім мен тәрбиесін бойға дарытып, қажетін алып, рухани байлығын толықтыра түсері сөзсіз. Бұл мекеме ұлттың ұлт екендігін танытуға үлес қосып, оның өткені мен бүгінін жалғастырып отырар орталық болады деп сенеміз.

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ,

Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі,

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі