ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ.

Бүгін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық құндылықтарды, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді жас бүлдіршіндерге насихаттау мақсатында Шымкент қаласы білім басқармасының «Балалар көркемсурет мектебімен» өзара ынтымақтастыққа меморандум жасасты. Бүгінде ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие білім ордасында 600 астам шәкірт тәрбиеленуде.
Алдағы уақытта «Балалар көркемсурет мектебімен» бірлесе меморандум аясында көптеген жұмыстар жүзеге асыру жоспарлануда.

«Тұсаукесер» рәсімі

Орталықта «тұсаукесер» рәсімі өткізілді. Жасмин қызымыздың тұсауын халқымызға белгілі айтыскер ақын, Отырар қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, ф.ғ.к. Анар Жаппарқұлова Абусайылқызы кесті.
Тәй-тәй басқан Жасмин қыздың қадамы құтты, өмір жолы жарқын болсын!

«Тұсаукесер» рәсімі

Бүгін орталығымызда «тұсаукесер» рәсімі өтті. Мансұр сәбиіміздің тұсауын өнер ордасында елімізге белгілі Әзіл-сықақ және сатира театрының актері, мәдениет саласының үздігі Қалыбаев Ғалымжан Құрманбекұлы кесті.
Мансұрдың үлкен өмірге басқан қадамы құтты болсын!

ҰЛАҒАТТЫ СӨЗДЕР

 

 

Анадан өнеге көрмеген қыз жаман.
Атадан өнеге алмаған ұл жаман.
Қорқыт ата

Ұлың менен қызың — жарқыраған екі көзің.
Жүсіп Баласағұни

Қызы анадан үйренбей өнеге алмас,
Ұл атадан үйренбей сапар шекпес.
Қорқыт ата

Ата тұрып ұл сөйлесе — ер жеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе — бой жеткені болар.
Сырым Датұлы

Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз.
Мұхтар Әуезов

 

Бүгін Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Әзімханқызы бастаған мәдениет мекемелерінің басшылары орталықтың тыныс-тіршілігі, бағыт-бағдары, атқарылған істерімен танысты.

Кездесу барысында мәдениет саласының бүгінгі таңдағы басты бағыттарына тоқталып, алда атқарылатын нақты жұмыстармен ой бөлісті.

АТ ТЕРГЕУ ДӘСТҮРІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Қазақ ғұрпында жасы кіші адамдардың өзінен үлкен кісілердің атын атауы өте əбестік саналады. Əсіресе, жаңа түскен келіндердің үлкен адамдар мен ата-ене, қайнаға, қайынбике, қайынсіңлі, қайын іні жəне абысындарының атын атауын тəрбиесіздік, көргенсіздік, тексіздік деп есептейтіндіктен, олар ат тергеп, қайын жұртының үлкен-кішілеріне түгел ат қойып алуы шарт.

Жас келіндердің ат тергеп, ат қоюы – олардың үлкендерге деген кісілік құрметін əйгілесе, тағы бір жағынан, олардың тапқырлығын, зеректігін байқататын үлкен сын болғандықтан, келіннің ат қоюына қарап, ауыл адамдары оның ақыл-ой, білімдеңгейі мен зейін-зердесін бағамдайды.

Сол себепті, жас келін өзі атын тергейтін адамдарының жасына, білім деңгейіне, беделіне, ерекшеліктеріне, мінез-құлқына, түр-тұрпатына қарай ат қояды.

 

ҚҰРМЕТТІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫ!

Сіздерді Жаңа жылмен құттықтаймыз! Жаңа 2021 жыл бақыт, шаттық, қуаныш, құт-береке әкелсін!
Шаңырақтарыңызда ырыс-береке, мемлекетімізде бейбітшілік пен татулық болсын. Сіздерге зор денсаулық, жарқын болашаққа сенімділік тілейміз. Үміттеріңіз бен тілектеріңіз орындалып, барлық бастауларыңыз сәтті нәтижелер берсін!

Алдағы Жыл тек игі жақсылықтарымен, ырыс-берекесімен, мол қуаныштарымен төрімізден орын алсын!

Ізгі ниетпен, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы

«Алтынға боянған таң» поэзия сағаты

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісі иегері Өмірбек Гүлнәр Есіркепқызының 60 жылдық мерейтойына орай «Алтынға боянған таң» атты шығармалық поэзия сағатын өткізді. Орталық қызметкері, айтыскер, ақын Нұрлан Келдібекұлы кездесу кейіпкеріне жырдан шашу шашты.
Поэзия сағатына Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек, А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Ақмарал Қамбарқызы Омарова, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Зауре Абдухамитқызы Оралбаева, Әлем халықтары Жазушылары одақтарының мүшесі, Республикалық «Әйел құпиясы» және «Әйел денсаулығы» газеттерінің бас редакторы, әрі құрылтайшысы Фатима Забурақызы Жүнісова, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі директорының орынбасары Гүлмира Алдонғарқызы Серікбаева, суретші, ұстаз Мейраш Мырзабекқызы Тастемирова қатысты.
Шараға арнайы келген қонақтар өнерлі де өрелі ақын қызын мерейлі мерейтойымен құттықтап, өздерінің жылы лебізін білдіріп, шығармашылығына тоқталып, естеліктерімен бөлісті. Кеш иесінің жырларын орталық қызметкерлері, кітапхана қызметкерлері, студенттер, мектеп оқушылары орындап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, көпшілік назарына ақынның өмір жолы мен жетістіктері жайлы «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы кітап көрмесін ұсынды. Ақын Гүлнәр Есіркепқызы орталық ұжымына ыстық ілтипатын білдіріп, алғысын жеткізді.

«Балаларға жылылық» ертеңгілік сағат, мерекелік көңілді іс-шара

Бүгін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында, Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйінде «Балаларға жылылық» атты ертеңгілік сағат, мерекелік көңілді іс-шара өткізді.Шара барысында балаларға арналған мерекелік концерт қойылып, ақ жаулықты әжелеріміз балаларға базарлығын таратты.

Меркелік іс-шарамызда Ерсұлтан Жаңабаев, Раяна Бекбосова, Амина Константинова атты бүлдіршіндеріміздің тұсауы кесілді, қыздар арасында «оң босағаға шығару» дәстүрі дәріптеліп, Анна Церкасина қызымызға шашбау тағылды.Сондай ақ, балалардың ой-өрісін дамыту, келешекте салауатты ұрпақ қалыптастыру мақсатында ұлттық ойындар ойнатылды.

Орталық басшысы Сұлтан Оңғарұлы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, оларға жылы лебізін білдіріп, алғыс хаттар, мерекелік тәттілер мен сыйлықтар тарту етті. Бұл бастама жыл сайын өтетін игі дәстүрге айналмақ. Балалар үйінің әкімшілігі ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, осындай шаралар балаларға үлкен қуаныш пен жылулық сыйлайтындарын жеткізді.

1 5 6 7 8 9 23