«Салбурын мереке ғой саятшыға…» 13.02.2018ж

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығы Түлкібас ауданының тілдерді дамыту және мәдениет бөлімімен бірлесе, саятшылық өнерін насихаттау мақсатында «Салбурын мереке ғой саятшыға…» тақырыбында этнографиялық танымдық шара ұйымдастырды. Этно-танымдық шараның ашылуында сөз алған Түлкібас ауданы әкімі Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, белгілі жазушы Мархабат Байғұт, орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Абданбекұлы мен белгілі саятшы Мұхтар Атахан ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы мәні жайында әңгімеледі. Этнотанымдық шараның негізгі бөлімінде бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жайында ой-пікірлер білдіріліп, тәжірибе жүзінде көрсетілді. Саятшылық пен аңшылықтан қысқа метражды бейне фильм түсірілді.

«Елбасы Жолдауы-жаңа дәуірге қадам» 07.02.2018ж

ҚР  Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында қаламыздағы ЖОО ғалым-оқытушыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. «Елбасы Жолдауы-жаңа дәуірге қадам» атты іс-шараның мақсаты: ҚР Президентінің биылғы Халыққа Жолдауын талқылау және насихаттау, адами капиталды сақтау бағытында тыңғылықты жұмыс жасау, цифрландыру үрдісіне атсалысу. Жиынға «Нұр Отан» партиясының ОҚОФ-ның саяси мәселелер бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Сәкен Мәжінбеков, ОҚМПУ «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының оқытушысы, т.ғ.к., доцент м.а. Қ.Анарбаев және М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Философия және мәдениеттану» кафедрасының доценті, с.ғ.к. Сәуле Рысбаева қатысып, жан-жақты талдау жасады.

 

«Қызым, саған айтам…» 30.01.2018ж

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы  халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін, жөн-жоралғысы сақталған ұлттық құндылықтарды қыз баланың бойында қалыптастыру мақсатында «Қызым, саған айтам…» тақырыбында  қыздар арасында сырласу кешін өткізді. Іс-шараға №3 Шымкент қалалық емхананың психолог маманы Избасарова Алия Аңсағандыққызы, гинеколог маманы Батырбекова Гүлмира Сегізбайқызы, «Көркем» әжелер тобының мүшесі, зейнеткер, ұстаз Бөрібекова Таңсық Кенжеқызы, «Көркем» әжелер тобының мүшесі Байдібек Күлайша Жүнісқызы сынды ел аналары қатысып, қаракөз қарындастарымызбен сыр сұхбат өткізді. Іс-шара барысында қыз тәрбиесі жөнінде қыздарға сауалнама таратырып, бейнероликтер көрсетілді. Кездесуде қазіргі қазақ қызының тәрбиесі мен бойындағы ұлттық құндылықтарды ояту, оларды отбасылық өмірге тәрбиелеу жолдары мен қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы көкейде жүрген мәселелер талқыланды.

«Сақталушы еді сыбаға…» 26.01.2018ж

«Сыбаға» дәстүрін дәріптеу мақсатында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Отырар ауданы тілдерді дамыту және мәдениет бөлімімен бірлесе аудан тұрғындары арасында «Сақталушы еді сыбаға…» этно-танымдық шарасын ұйымдастырды. Шара барысында Отырар ауданы тұрғындары «Сыбаға сақтау» салты туралы көрініс көрсетіп, соғым сойып мүшелеу, ет осу, сүрлеу тәртібі жайлы баяндады. Сонымен қатар, ет және сүт өнімдерінен сақталған сыбағалар (құрт, қарынға салынған май, ірімшік, сүмесүт т.б) мен дәнді дақылдардан (тары, бидай, сұлы, жүгері және күріш т.б) дайындалған сыбаға түрлерінің жасалу жолдары жайлы мағлұмат берілді.

«Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек…» 26.12.2017ж

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қаламыздағы ұлттық киім өндіретін кәсіпкерлер, колледждер, дизайнерлермен бірлесе «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек…» тақырыбында көрме (дефиле) ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты ұлттық киім түрлерін бүгінгі заман талабына сай, күнделікті тұрмыста киюге ыңғайлы етіп дайындау. Жастардың эстетикалық талғамын, ұлттық киім тарихын зерттеуге қызығушылығын арттыру, қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар екендігін халыққа жеткізу болатын.

«Соғым — шүйгін болсын» 21.12.2017ж

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығымен Мақтарал ауданы тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі бірлесе «Соғым — шүйгін болсын» атты іс-шара өткізді.
Іс-шараның мақсаты – ұмыт бола бастаған көне дәстүрімізді жаңғырту, қазақтың ұлттық тағамдарының жасалу жолын игеру, оның бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихатталуын қарастыру.

«Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат» 12.12.2017ж

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында (директоры Ж.Тағаев) Н.Төреқұловтың 125 жылдығына орай «Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат» атты танымдық сағаты өтті. Шараның мақсаты–Алаш қайраткерлерінің тұлғасын, олардың ел үшін сіңірген еңбегін танып білу, қажырлы қайраткерлігі ұрпаққа өнеге болған Нәзір Төреқұлұлының қиын тағдыры мен мемлекет мүддесі үшін өмірін қиған ұлы тұлғаның бейнесін ұлықтау, рухына тағзым ету, оның ғибратты ғұмырындағы атқарған орасан зор еңбегін көпшілікке насихаттау, қалдырған ізі мен ғылыми, публицистикалық еңбектерін оқып үйрену.

«Сабантой» 30.11.2017ж

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы (директоры Жәнібек Тағаев) Қазығұрт ауданы тілдерді дамыту және мәдениет бөлімімен бірлесе аудан тұрғындары арасында егін шаруашылығы дәстүрлерінің бірі – «Сабантой» мерекесіне орай «Сабантой-береке мен бірлік бастауы!» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды.

«Дәстүрлі өнерімді дәріптеймін!» 29.11.2017ж

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы дәстүрлі ән-жырларымызды насихаттау мақсатында «Дәстүрлі өнерімді дәріптеймін!» тақырыбында жасөспірімдер арасында облыстық дәстүрлі әншілер, термешілер және күйшілер байқауын ұйымдастырды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізіліп отырған іс-шараның негізгі мақсаты: қазақ халқының мерей тұтар асыл қазынасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен дәстүрлі ән қазынамызды насихаттау. Байқау нәтижесінде терме өнері бойынша бірінші орын – Ербол Ұлманға (Шардара ауданы), жүлделі екінші орын – Әмір Сержанға (Түркістан қаласы), үшінші орын – Жансейіт Таубековке (Шымкент қаласы); дәстүрлі ән бойынша бас жүлде – Бану Абдуллаеваға(Түркістан қаласы), бірінші орын – Арайлым Кемелбек пен Батырхан Байданов дуэтіне, жүлделі екінші орын – Еркеғали Сұлтанқұлға, үшінші орын – Әшірбай Жанболатқа (Төлеби ауданы); күй өнері бойынша бас жүлделер – Патшаханова Шадина (Түркістан қаласы) мен Бәйдібек Қошанға (Шымкент қаласы), бірінші орын – Зияда Расулжановаға, екінші орын – Дулат Дайырбекұлына (Төлеби ауданы), үшінші орын – Ахмет Адияға (Түркістан) бұйырды.

«Алаш мұрасын ардақ тұтқан ақындар» 22.11.2017ж

Әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығының ұйымдастыруымен Алаш ардақтыларының 100 жылдық мерейтойына орай, әрі сан ғасырлық салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында «Алаш мұрасын ардақ тұтқан ақындар» атты облыстық жас ақындар айтысы болып өтті. Іс-шараның мақсаты: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Алаш қайраткерлерінің тұлғасын, олардың ел үшін сіңірген еңбегін танып білу. Байқау нәтижесінде бас жүлде – Мейіржан Жақыповқа (Отырар ауданы), бірінші орын – Жандос Мырзабековке (Сайрам ауданы), жүлделі екінші орын – Қытай Халық республикасынан келген қандасымыз Ардақ Орынбекке, үшінші орын – Нұрғали Әнапияға (Шымкент қаласы) бұйырды.

 

1 17 18 19 20 21 23